ШҚО білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің №6 «Күншуақ» балабақша - бөбекжайында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Балбөбек» мектепалды тобында ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл іс - шараның негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарды балалардың бойына сіңіру және олардың ұлттық сана - сезімін арттыру болды. Ашық есік күніне аналар белсене қатысып, балаларға қазақ халқының дәстүрлі қолөнер түрлерін үйрету арқылы тәрбиелік сағат өткізді.
Іс - шара барысында аналар шаш өрудің әртүрлі әдістерін көрсетіп, шашбау тағудың маңыздылығы мен сәндік ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар, ұршық иіру арқылы жіп жасау, құрт дайындаудың әдіс - тәсілдерін үйретіп, оның денсаулыққа пайдасы жайлы айтты. Қолөнердің тағы бір түрі - құрғақ киіз басу да балаларға таныстырылып, оның дәстүрлі тұрмыстағы рөлі мен қолданылу ерекшеліктері көрсетілді.
Бұл ашық есік күні балаларға тек ұлттық құндылықтарды үйретумен шектелмей, олардың қол моторикасын дамытуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және ата - аналармен бірлескен іс - әрекет арқылы өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізді. Аналар мен балалардың бірлескен жұмысы арқылы ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтары артып, оларды күнделікті өмірде қолдануға талпыныс пайда болды.



